Ілияс Жансүгіровтің 130 жылдығына орай әдеби кеші өтті
Биыл қазақ поэзиясының құлагері атанған Ілияс Жансүгіровтің туғанына 130 жыл.
Ілияс Жансүгіров – ақын, драмашы, прозашы, оның поэзиясы ұлттық әдебиеттің классикалық байлығының қатарына жатады. Ақынның терең идеялы, көркем мүсінді, эпикалық кең тынысты шығармаларының танымдық, тәрбиелік мәні зор. Олар қалың оқырманның ойына ой, сезіміне сезім қосады, қиялына қанат бітіреді, эстетикалық ләззат беріп, гуманистік адамгершілік идеяларды толғайды.
Ілияс Жансүгіров әдебиет әлемінде өз халқының ұлттық қазынасына құнды мұралар қалдырған ұлылардың бірі. Ұрпақ үшін оның парасат әлемі, білгір суреткерлігі, зор адамгершілік үлгісі өшпейтін өнеге мектебі. Ұлылардың бойындағы ортақ қасиет көп қырлылық болса, бұл ерекшелік Жансүгіров талантына тән.
Арынды ақын балаларға арналған өлеңдерінде танымдық, тәрбиелік, білімдік мәніне баса наза аударады. Әндетіп, өлеңдетіп тербете тәрбиелеу арқылы баланы бесіктен тәрбиелеп, сөз өнеріне баулу, ой-өрісін дамыту, адамгершілікке, анаға деген мейірімділік , жағымды мінез-құлыққа тәрбиелеуді көздегенін оның әрбір шығармасынан көруге болады. Ілиястың көптеген өлең-поэмалары қазақ халқына тән-адам жанын жадыратар, сұлулық сезімін лаулатар жан азығы ән мен күй, тастан шыққан бұлақ секілді сызылып, кемеліне келген ағын дариядай толқиды. Ән мен жырға, күмбірлеген күйге арнаған өлеңдерінде өте бір әсерлі, екпінді, желдірме әсем сөздер бастырмалатып, бір эстетикалық сұлулық, айтуға жеңіл, әнге қосуға лайық өлеңдер болып келеді. Балалардың танымдық, қабылдау әрекеттерін дамытып, оларды эстетикалық сезімталдыққа, ой тереңдігіне , байқампаздыққа, шығармашылыққа тәрбиелеуге бағытталумен бірге, сөз шеберлігіне, сөз тапқырлығына үйретерлік көркемдік кеңістігіне өрнектелген.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі С.Е.Сейтқалиеваның ұйымдастыруымен өткен “Қазақ поэзиясының құлагері” атты әдеби кеш өтті. Кешке 11-сынып оқушылары қатысып, ақын шығармашылығына шолу жасап, шығармашылығы туралы ойларын ортаға салды.